Жаңалықтар

Анталия: Табиғат пен тарих түйіскен жаяу маршруттар мекені

Жыл сайын миллиондаған турист тартатын Анталия тек жағажайымен ғана емес, табиғат пен тарихты ұштастыратын жаяу маршруттарымен де ерекшеленеді. Түркиядағы ең танымал үш жаяу бағыт – Ликия жолы, Сент-Пол жолы және Писидия мұра жолы – аймақтың мәдени байлығы мен табиғи көріністерін жаңа қырынан танытуда.

 

Анталия мен Фетхие арасын жалғайтын 540 шақырымдық Ликия жолы Түркиядағы алғашқы ұзақ жаяу бағыт ретінде белгілі. Орта есеппен 35 күнде өтетін бұл маршрут туристерді теңіз жағалауы, Тавр таулары, көне қалалар мен ауылдар арқылы алып өтеді. UNESCO тізіміне енген Ксантос пен Летоон, сондай-ақ Олимпос қалалары – жол бойындағы тарихи нүктелердің бірі. Мұнда парапланмен ұшу (Бабадағ), Қашта сүңгу, Кековада байдаркамен жүзу сияқты белсенді демалыс түрлері де ұсынылады.

Анталиядағы Гелидония шамшырағы

500 шақырымға созылған Сент-Пол жолы Анталия өңірінен басталып, Ыспартаға дейін жалғасады. Бұл бағыт христиан дінінің таралуына үлес қосқан Сент-Полдың алғашқы миссионерлік сапарын қамтиды. Екі тармаққа бөлінетін жол Перге, Күршүнлі сарқырамасы, Аспендос, Селге және Адада сияқты тарихи орындардан өтеді. Жол бойында жергілікті ауыл үйлерінде түнеуге және таулы өңірде шатыр тігуге болады.

Анталия Көпрүлү Каньону

350 шақырымдық Писидия жолы Анталияның солтүстігіндегі ежелгі Писидия аумағын қамтиды. Бұл жол ежелгі Сагалассос (Антонин фонтаны) пен жақсы сақталған Термессос қалалары арқылы өтеді. Бағыттың кей бөліктері Сент-Пол жолымен қиылысады. Жол бойында Көпрүлү каньоны мен Эгирдір көлі секілді табиғи орындар бар. Ерекше тұсы – көшпелі түріктердің (йорүктердің) өмір салтымен танысу мүмкіндігі.

Бурдур қаласындағы Сагалассос көне қаласы

Анталия – табиғат пен тарихты біріктіретін ерекше туризм бағыты. Жаяу жолдар арқылы бұл аймақтың шынайы болмысын сезінуге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button