Ұлытаулық үш студент – «Үздік 100 студент» қатарында

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1134 қаулысымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 61-тармағына сәйкес, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсы өткізілді.
Аталған конкурсқа облыс колледждерінен 26 үздік студент қатысып, оның ішінен 10 студент республикалық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде, үш ұлытаулық жас жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, Астана қаласында салтанатты түрде марапатталды.
Ұлытау өңірінің жеңімпаздары:
1. Бейсен Ақдидар Жайыққызы – Жезқазған гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алуда. Ол – Пионер ауылының тумасы, жастар арасындағы көшбасшы, колледждегі «Жігер» Студенттік Парламентінің президенті және Жезқазған қалалық «Жастар Рухы» жастар қанаты бөлімшесінің төрағасы. Ақдидар – қоғамдық істерде белсенділік танытып, жас буынның дамуына үлес қосып жүрген үмітті жас.
2. Алтау Еркеназ Бауыржанқызы – Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті, «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Еркеназ – дене шынықтыру саласының болашақ білікті маманы, тәжірибесі мен теориясын ұштастыра білген мақсаткер жас. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы жастар жылы аясында белсенділік танытып, ұстаздық мамандықтың абыройын арттыруға үлес қосып келеді.
3. Мерхан Нұрболған Құдайбергенұлы – Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің 4 курс студенті. «Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша WorldSkills чемпионаттарының облыстық, аймақтық және республикалық кезеңдерінің жүлдегері. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Оқу-ағарту министрімен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
Ұлытау облысының бұл үш мақтанышы – еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Біз жас буынның жетістіктерімен мақтанамыз және олардың кәсіби жолында табыс тілейміз!