Жаңалықтар

Шекара маңындағы шағын бизнес: елдің шығысында кәсіпкерлік қалай дамып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданына қарасты Ново-Ульбинка ауылында тұратын Кенжехан әулеті – еңбекқорлық пен ұйымшылдықтың, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын бастаманы табысты кәсіпке айналдырған үлгілі отбасы.

 

Бастапқыда олар тек өз отбасына таза әрі табиғи өнім өндіруді көздеген болатын. Бүгінде бұл іс — AbiNar атты ресми тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативіне айналды. Сонымен қатар, аталған жоба «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болып, өзге ауыл тұрғындарына үлгі болуда.

 

2024 жылы отбасы тірегі — Азамат Кенжехан «AMANAT» партиясы Глубокое аудандық филиалына жүгініп, құс өсіру бағытындағы жобасына жеңілдетілген несие рәсімдеуге көмек сұраған. Партия тарапынан қолдау көрсетіліп, бағдарламаға енгізілгеннен кейін Азамат 25,2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек алған. Бұл қаражатқа құс қоралары салынып, инкубаторлар, мұздатқыштар, ет өңдеуге арналған жабдықтар және арнайы қаптама әзірлеуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.

 

Алайда бұл тек бастамасы ғана. Ең қызығы — бұл іске Азаматтың 11 жастағы егіз ұлдары — Әбілхан мен Нариман да белсенді араласады. Сегіз жасынан бастап еңбекке араласқан балалар құстарды суарып, жем беріп, тіпті салмақ жинап, өздігінен қозғала алмай қалған бройлерлерді аударып қоюды жақсы көреді.

 

AbiNar атауы да ұлдарының есімдерінен құралған (Әбілхан-Нариман). Бүгінде олар өз еңбектері үшін нақты еңбекақы алып, оны мақсатты түрде жұмсап келеді: алдымен велосипед, кейін смартфон сатып алған, енді қуатты компьютер алуды армандайды. Өз сатып алған заттарын мақтанышпен емес, еңбегімен тапқанына қуанып айтады: «Өз күшімізбен таптық», — дейді олар сыныптастарына.

 

– Балаларды телефоннан алыстатқымыз келіп еді, ақыры сол телефон өз еңбектерінің жемісі болып шықты, – дейді Азамат жымиып. – Ешкімді мәжбүрлемедік, өздері қызығып араласты. Қазір біз — әрқайсысы өз орнын білетін ұйымшыл командаға айналдық.

 

Бұл кәсіпке отбасының барлық мүшесі тартылған. Ерлі-зайыптылармен қатар, отбасындағы ақылшы әрі тәрбиеші — әже Ания Садыққызы да белсенді атсалысуда. Алғашында немерелерінің жұмысқа араласқанына алаңдаған әже бүгінде ферманың тіршілігін қадағалап, барлық істің жүйелі жүруіне үлес қосуда. Оның тәрбиесінің арқасында балалар еңбекке ғана емес, отбасылық құндылықтар мен дәстүрге де аса мән беруді үйреніп келеді.

 

Қазіргі таңда кооператив көтерме саудамен айналыспаса да, ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне белсенді қатысып, тұтынушыларға тапсырыспен өнім жеткізеді. Өнімдерінің табиғилығы мен дәмі ерекше бағаланады. Кейбір тұтынушылар тіпті: «Қалалық қаптамамен емес, әжеден келгендей шелекте әкеліңіздерші» деп өтініш білдіреді.

 

Бұл – жай ғана отбасылық шаруашылық емес, бұл – ұрпақ тәрбиесі мен еңбекті қадірлеудің нақты көрінісі. Осындай отбасылар – ауылдың тірегі, елдің келешегі. Сондықтан «AMANAT» партиясының Глубокое аудандық филиалы алдағы уақытта да мұндай іскер азаматтарды қолдауды жалғастыра береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button