ШҚО-да жазғы туристік маусым Шалқардан бастау алды

Бүгін ШҚО-дағы Шалқар көлінің көрікті жағасында жазғы туристік маусымның ресми ашылу рәсімі өтті. Аталған шара жазғы демалыс маусымының басталуына серпін беріп, өңірлік туризмді дамыту жолындағы маңызды қадамға айналды.
Іс-шараның басты мақсаты – өңірдің табиғи көрікті жерлерін кеңінен насихаттап, ішкі туризмнің әлеуетін арттыру, сонымен қатар экологиялық, мәдени және белсенді демалыс түрлерін дәріптеу. Қарағайлы орман мен тау жоталарымен көмкерілген Шалқар көлі тағы бір мәрте Сібе көлдер тобының інжу-маржаны екенін дәлелдеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі таңда аталған аумақта 21 демалыс базасы ресми түрде жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы – 2349 төсек-орын мен 558 нөмірді құрайды. Туризм саласында 68 адам тұрақты түрде еңбек етсе, 31 маусымдық қызметкер тартылған. Соңғы жылдары туристер легі айтарлықтай артқан: 2023 жылы көлді 15 600 адам тамашаласа, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20 774 адамға жеткен. Олардың арасында шетелдік қонақтар да бар.
Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарға бай мәдени-спорттық шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, жебемен ату, атқа, түйеге және баггиге міну сынды қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «TOR ALTAI» демалыс базасына дейін жаяу экскурсия, «өмір соқпағы» бағытымен серуен және белгілі зерттеуші Б. В. Щербаковтың бірегей таныстырылымы өтті.
Шара барысында ұлттық тағамдар ұсынылған этноауыл, қолөнершілер жәрмеңкесі және қазақ халқының салт-дәстүрін таныстыратын экспозициялар көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында жұлдызды аспан астында ашық аспан аясында өткен жастар дискотекасы мерекенің көркін аша түсті.
Жазғы маусымның ашылуы — өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қуанышты оқиға ғана емес, сонымен қатар туризм инфрақұрылымын, шағын және орта бизнесті дамытуға тың серпін беретін маңызды бастама. Шалқар көлі — табиғатты, мәдени мұраны және салауатты өмір салтын бағалайтын жандар үшін айрықша тартымды мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.