Жаңалықтар

Өскеменде «Музейдегі түн» акциясы жұмысшы мамандықтар мерекесіне айналды

 

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы өтті. Биылғы шара Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп, «Ғасырлар толқынындағы мамандық» атауымен ерекшеленді.

 

Мереке Қасым Қайсенов атындағы саябақта концерттік бағдарламамен басталды. Кеш бойы музей түрлі жастағы қала тұрғындары мен қонақтарын тоғыстырған мәдени алаңға айналды. Қатысушылар жұмысшы мамандықтарының терең тарихымен танысып, олардың қоғамдағы рөліне үңілді.

 

Кәсіп иелері шеруінен басталған кеш

 

Мерекелік шара музейдің кіреберіс алаңында өткен «Жұмысшы мамандықтар» шеруінен басталды. Кештің шымылдығын өрт сөндіруші, ағаш ұстасы, шаштараз, аспаз, тігінші сынды мамандық иелері ашты.

 

Ал музей холлында келушілерді ежелгі кәсіп иелері – қыш шеберлері қарсы алды. «Арт-Гончарка» студиясының жетекшісі, керамика шебері Надежда Хабарова «Қыш шебері» мамандығы бойынша шеберлік сағатын өткізіп, көне өнердің қыр-сырымен бөлісті.

 

«Кезінде қышпен тек ер адамдар жұмыс істеген, себебі бұл күшті қажет ететін кәсіп еді. Қазір жаңа технологияның арқасында бұл істі балалар мен әйелдер де меңгере алады. Өзім бес жылдан бері айналысып келемін, үйренем деушілерге сабақ өткіземін», – дейді шебер.

Балалар үшін арнайы ұйымдастырылған «Profi Kids» бұрышында кішкентай қонақтар түрлі ойындар мен байқауларға қатысып, мамандықтар әлемімен танысты.

 

Музейдің бірінші қабатындағы дөңгелек залда «Мен – жұмысшымын» атты көрме ашылды. Мұнда қазақстандық суретшілердің тақырыптық картиналары қойылды. Сондай-ақ ағаш шеберлері мен өрт сөндірушілер өз салалары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

 

Аспаз Манас Амангелді ұйымдастырған «Бір күнге – шеф» атты интерактивті сессияда келушілер көкөніс салаттары мен ролл-суши жасауды үйренді.

 

Ал «Қызмет көрсету саласы» колледжінің студенттері қатысқан «Қайшы мен тарақтың сиқыры» атты шаштараз шеберлерінің көрінісі де көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, тігіншілер «Ғасырлар тоғысындағы сән» атты сән көрсетілімінде өз туындыларын ұсынды.

 

«Бала кезімнен тігінге қызықтым. Қазір Өскемен технологиялар және сервис колледжінде оқимын. Бүгінгі WorldSkills Shygys 2025 чемпионатында бірінші орынды жеңіп алдым», – дейді студент Камилла Сауытбаева.

Камилла жеңіл көйлектен бастап сырт киімге дейін өзі тігеді. Байқауда күртеше тігуде шеберлік танытып, жеңіске жеткен. Екінші қабаттағы суретшілер алаңында кез келген адам модель болып, портрет немесе шарж салдыру мүмкіндігіне ие болды. Қалағандар қылқалам ұстап, сурет салу процесіне де қатыса алды.

 

Музейдің музыкалық залында өткен концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Шарада «Станислав Цихтың Эстрадалық театры» мен қалалық шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

 

«Музейдегі түн» акциясы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттырып қана қоймай, келушілерге шығармашылық, білім беру, тәжірибе мен көңіл көтеру кеңістігін ұсынды. Мерекелік кеш түн ортасына дейін жалғасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button