Болашаққа бағытталған даму: ШҚО-да шекара маңындағы аудандарда ауқымды өзгерістер басталды

Өскемен қаласында Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру аясында «Шекаралық аумақтарды дамыту – өңір дамуының негізі» тақырыбында сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыстық басқармалар, қоғамдық ұйымдар, ғылыми қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысты. Онлайн режимде Зайсан ауданы әкімдігі қосылды.
Жиынды Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков жүргізді. Ол Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық аудандар мәртебесінің қалпына келтірілуі нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті: өңірлерде әлеуметтік және экономикалық өмір жанданып, инфрақұрылым жақсарып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы аумақтардың стратегиялық маңызына тоқталып, олардың мәртебесін қалпына келтіру Абай мен ШҚО-да жүзеге асырылғанын еске салды.
«Шекара маңындағы елді мекендердегі жағдай мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді және стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет», — деді Президент.
Маңызды қадамдардың бірі – Тарбағатай, Үлкен Нарын және Марқакөл сынды бұрын таратылған шекаралық аудандардың мәртебесін қайта қалпына келтіру болды. Бұл аумақтардың дамуына, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етті. Басым бағыттардың бірі – қоныс аударушыларды қолдау және ауылдық жерлерге мамандар тарту жобалары: ерікті қоныс аудару бағдарламасы мен «Дипломмен – ауылға!» жобасы.
Кездесуде көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Солардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жобасы сәтті жүзеге асырылып, өңірдің көлік байланысын едәуір жақсартты. Сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр.
Қатысушылар өңірлік даму теңгерімсіздігін азайту қажеттігін де атап өтті. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық және әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған жаңа Өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленуде.
Талқылауға әлеуметтанушы, ғылым кандидаты Элеонора Столярова, Ұлттық құрылтай мүшесі Ольга Кузовлева, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Зарина Камасова, сондай-ақ экономика, білім беру, жер қатынастары, кәсіпкерлік, туризм басқармаларының өкілдері, Зайсан ауданының әкімі мен ғалымдар қатысты. Іс-шара барысында шекаралық аймақтарды одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар мен пікірлер айтылып, жиын қорытындыланды.