АБАЙ ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ МЕН БОС УАҚЫТЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Абай облысында балалардың жазғы демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бағытындағы кешенді жұмыс жалғасуда. 2025 жылы бұл шаралар Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жоспарларына сәйкес, санитариялық талаптар, қауіпсіздік және тәрбиелік мақсаттар ескеріле отырып жүргізілуде.
Максималды қамту және түрлі форматтағы демалыс
Биыл демалыс пен бос уақыттың әртүрлі түрлерімен 79 480 бала қамтылады деп жоспарланған. Бұл – облыстағы оқушылардың жалпы санының 83,4 пайызы. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларының 100 пайызға жуығы түрлі іс-шараларға – шығармашылық, зияткерлік, спорттық, патриоттық және басқа да бағыттар бойынша тартылады.
Облыс бойынша 267 мектеп жанындағы және бейінді лагерь жұмыс істейді. Олар жалпы білім беретін мектептердің, қосымша білім беру ұйымдарының және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің базасында ұйымдастырылады. Оның ішінде 110 лагерьде 9 мыңнан астам балаға ыстық тамақпен қамту қарастырылған. Сонымен қатар балалар үйлері, кітапханалар, аула клубтары мен үйірмелер де белсенді түрде жұмылдырылады.
Стационарлық лагерьлер: әлеуметтік осал топтағы балаларға басымдық беріледі
Жаз мезгілінде 11 стационарлық сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 8-і – мемлекеттік, 3-і – жекеменшік лагерь. Жалпы 5172 бала лагерьде демалмақ. Оның ішінде 4713-і – әлеуметтік осал санаттағы балалар. Олар «Всеобуч» қорының қаражаты есебінен жолдамамен қамтылады.
Қазіргі уақытта лагерьлерді балаларды қабылдауға дайындау – басты назарда. Бұл бағытта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар сатып алынуда. Лагерьдегі қауіпсіздік бейнебақылау, қоғамдық тәртіп күзеті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және мамандарды іріктеудің қатаң тәртібі арқылы қамтамасыз етіледі.
Интеллектуалдық және патриоттық бағыттағы жаңа жобалар
2025 жылы облыста балалардың жеке тұлғалық дамуы мен қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылады:
«Абай жолы» – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты орындар бойынша әдеби-өлкетану бағыты;
«JAS AKADEMIK-2025» – Семей және Өскемен қалаларының университеттерімен бірлескен дарынды балаларға арналған академиялық жазғы мектеп;
«Жазғы кәсіби бағдарлау лагерьлері» – колледждер базасында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға арналған;
«Жазғы кемпинг» – туризм, патриоттық тәрбие және спорттық сайыстар элементтерімен ұйымдастырылатын көшпелі қысқамерзімді демалыс бағдарламалары.
Сонымен қатар өңірдің қала-аудандарында жазғы бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған 33 аймақтық жоба іске асырылуда.
Қауіпсіздік – басты басымдық
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі: суға шомылу тек ресми рұқсат етілген орындарда өтеді, қызметкерлер құқық қорғау органдарының базасы арқылы тексеріледі, барлық санитарлық норма қатаң сақталады. Мектеп жанындағы лагерьлерде іс-шаралар арнайы бекітілген бағдарламалар мен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес өткізіледі.
2025 жылғы жазғы маусымда балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысы ұйымдастырылады. Лагерь бағдарламалары әр баланың әлеуетін дамыту және әсіресе әлеуметтік жағынан осал отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталады.
Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі Абай облысының білім басқармасының тұрақты бақылауында.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі