Ұлан ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерін қамтиды.
Акцияның басты мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, отаншылдық сезімі мен туған жерге деген құрметін қалыптастыру. Ерекше көңіл қоғамның белсенді және бейжай емес бөлігі саналатын жастарды тартуға бөлінді.
Іс-шара аясында Қасым Қайсенов кентінде аумақты тазалау жұмыстары жүргізіліп, 1000-нан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, Бозанбай ауылдық округіндегі Сібе көлдерінің жағалауларында тазарту және көгалдандыру жұмыстары өтті.
Акцияға студенттер, оқушылар, еріктілер, жастар мен экологиялық ұйымдардың мүшелері – барлығы 130-ға жуық адам қатысты. Әсіресе Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 30 студентінің белсенділігін атап өткен жөн.
Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, көлікпен және тиісті сүйемелдеумен қамтамасыз етілді. Сенбілік аяқталған соң жиналған қоқыс арнайы полигондарға тез арада шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар экологиялық жауапкершілікті тәрбиелеуде және тұрғындарды туған өлкесінің болашағына деген қамқорлыққа біріктіруде маңызды рөл атқарады.