Абай облысында 543 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды

Абай облысында соңғы үш жылда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 543,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Бейсенов мәлімдеді.
— Тек өткен 2024 жылдың өзінде 121,1 мың гектар жер мемлекетке өтті. Ал биыл облысқа 170 мың гектар игерілмей жатқан жерді қайтару жоспары бекітілген, оның 82 мың гектары қазіргі таңда мемлекет меншігіне алынды, — деді басқарма басшысы.
Қайтарылған жер телімдерінің негізгі бөлігі — жайылым мен егістік алқаптар. Жерлер жалға алу мерзімінің аяқталуына, сот шешімдеріне және анықталған заңбұзушылықтардың жойылуына байланысты мемлекетке ерікті түрде өткізілген.
— Жыл басынан бері 193 учаске қайтарылып, оның ішінде 75,9 мың гектар жайылым және 1,5 мың гектар егістік жер қамтылды. Сонымен қатар, 242,9 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталып, оларды қайтару үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне тиісті материалдар жолданды, — деп нақтылады Ануар Бейсенов.
Қайтарылған жерлер арнайы мемлекеттік жер қорына тіркеліп, кейін конкурс арқылы ауыл шаруашылығы айналымына беріледі. Бұл – өңірдегі бос жатқан жерлерді тиімді әрі әділ пайдалану мақсатын көздейді.
— 2022-2025 жылдар аралығында 528,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері айналымға қосылды. Оның 311,7 мың гектары конкурс негізінде, ал 217,1 мың гектары елді мекендердің ортақ пайдалануына берілді, — деді басқарма басшысы.
Алайда облыста 246,8 мың гектар көлемінде жайылым тапшылығы тіркеліп отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.
— Жайылым тапшылығын жою үшін өңірлік деңгейде жайылымдарды басқару схемалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, заңсыз иемденілген жер телімдерін анықтау және олардың берілу заңдылығын тексеру үшін арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, — деп түйіндеді Ануар Бейсенов.