Жаңалықтар

Семейде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шара өтті

 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Абай облысында кең көлемде аталып өтіп жатыр. Бүгін Семейдегі Бейбітшілік аралында этномәдени бірлестік өкілдері мен өнер ұжымдарының қатысуымен ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шара барысында түрлі ұлттың әндері мен билері шырқалып, театрландырылған көріністер мен ұлттық киімдер шеруі болды. Облыс әкімі Берік Уәли қала тұрғындарымен бірге қолөнер бұйымдары мен этностар мәдениеті көрмесін, концерттік бағдарламаны және спорттық ойындарды тамашалады.
Аймақ басшысы өңір тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтап, береке мен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың маңызын атап өтті.
«Бірлік пен татулық – өткеннен жеткен аманат, асыл мұра. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген дана халқымыздың сөзі елдігіміздің темірқазығы болып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі» деген болатын. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ізгі ұстанымын бойтұмар қылған абайлықтар бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату өмір сүріп келеді. Баршаңызды ұлыс пен ұлтты ұйыстырған, тілек пен тілекті тоғыстырған маңызды мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын» деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өз сөзінде биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту міндеті тұрғанын айтты. Мемлекет басшысының қолдауымен барлық өңірлер қатысатын «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып беретінін жеткізді.
Бүгінде облысымызда 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл басынан бері жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында 400-ге жуық іс-шара өткізілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button