ШҚО-да «SHYGYS AIBYN–2025» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті

Жаңа Ахмер кентінде орналасқан Халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған «SHYGYS AIBYN – 2025» атты облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Биылғы жиынның ерекшелігі – оның дәл осы әскери бөлімге Қасым Қайсеновтің есімі берілген күнмен тұспа-тұс келуі. Осыған орай, шараның ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, облыс әкімінің атынан қатысушыларды құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдангерлер рухына тағзым етілді.
– Бұл әскери бөлімге аты аңызға айналған батыр атамыздың есімі берілуі – сарбаздардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Қасым атамыздың атын ұятқа қалдырмай, өз борыштарыңызды абыроймен өтеп, кәсіби шеберліктеріңізді шыңдай түсулеріңізге тілектеспін. Қатарымыз ержүрек, батыл, айбынды сарбаздармен толыға берсін! Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! – деді Ербол Нұрғалиев.
Жиында батырдың немересі Бағлан Райымханов пен ҚР Қарулы күштерінің ардагері Дәулетхан Қасенов жастарға рухты сөз арнап, әскери борыштың маңыздылығын атап өтті.
– Әскери өмір қаншалықты қиын болса да, жарғы талаптарын орындау – әр жауынгердің парызы. Сіздердің міндеттеріңіз – жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен атқару, туған жерге адал қызмет ету, – деді олар.
Жиынға облыстың әр түкпірінен келген әскери-патриоттық клубтар қатысты. Атап айтқанда: Риддерлік «Сұңқар», Зайсаннан «Жас қыран», Алтайлық «Сұңқар», Катонқарағайлық «Қалқан», Глубокое ауданының «Жас сарбаз», Шемонаихадан «Патриот», Тарбағатайлық «Арлан», Самар ауданынан «Қыран», Марқакөлден «Жас сарбаз», Ұлан ауданынан «Айбын», Күршім ауданынан «Қыран», Үлкен Нарынның «Атамекен» командалары.
– Біз Ұлан ауданынан келдік. Бүгін бұл бөлімге Қасым атамыздың есімі берілген күн екен. Жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз. Өзім эстафеталық ойындарға қатысып, турникке тартылу сайысына дайынмын. Ақтөбеде өтетін республикалық кезеңге жолдама алуға ниеттіміз, – деді ұландық «Айбын» командасының мүшесі Нұркен Әлібеков.
Дәстүрлі жиын ШҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, 27943 әскери бөлім басшылығы және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының қолдауымен өтті.
Жарыс аясында қатысушылар арасында әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша сайыстар өтті. Қару жинау, әскери-қолданбалы спорт түрлері, арқан тарту және эстафета секілді жарыстарда жастар шеберліктерін көрсетті.
Нәтижесінде Алтай ауданының «Сұңқар» әскери-патриоттық клубы І орынды жеңіп алды. ІІ орын – Өскемен қаласының «Арыстан» құрама командасына, ІІІ орын – Риддер қаласының «Сұңқар» құрама командасына бұйырды.