ҚоғамСолтүстік Қазақстан облысы

СҚО-да жүргізушілерге арналған ХҚО аудандарда ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында жүргізушілер қатары жыл басынан 702 адамға толықты. Осынша тұрғын алғаш рет көлік жүргізу құқығына ие болды. Полицейлер барлығы 2,5 мыңнан астам емтихан қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркеу-емтихан алу бөлімдерінде облыс тұрғындарына жыл басынан екі бағытта: тіркеу және көлікті қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Көлік басқару құқығын 5,2 мың адам иеленді. Олардың 702-сі жүргізуші куәлігін алғаш алып отыр. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 5148 жиынтығы берілді. Оның ішінде 27-сі аса сұранысқа ие нөмірлер.

«Маңызды міндеттердің бірі – аудандардағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында біздің қызметкерлердің жұмыс орнын ашу. Нәтижесінде аудандар тұрғындары жүргізуші куәлігін алу және өз көліктерін тіркеу үшін облыс орталығына келуге мәжбүр болмайды. Бүгінде Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары Петропавл қаласынан басқа, Тайынша мен Булаево қалаларында, Явленка ауылында жұмыс істейді. Екінші тоқсанда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, Шал ақын ауданында Мамандандырылған ХҚО ашу жоспарда бар», – дейді СҚО ПД Тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы Сергей Гизбрехт.

Бұдан бөлек, биыл 877 мемлекеттік қызмет қашықтықтан көрсетілді. 677 солтүстікқазақстандық жүргізуші куәліктерін «электрондық үкімет» порталы арқылы алды. 200 адам көліктерді қайта сату кезінде оларды тіркеуге қойған немесе тіркеуден шығарған. Бұл қызметтерді пайдалану үшін электрондық-цифрлық қолтаңба мен мемлекеттік баж салығын қашықтықтан төлей алу мүмкіндігі болуы жеткілікті.

«Тағы бір жаңашылдық – көлік жүргізу бойынша емтихандарды автомектептерде оқымай-ақ тапсыру мүмкіншілігінің берілуі. Жыл басынан облыста 34 адам жүргізуші куәліктерін осылайша алуға тырысты. Олардың тек 10-ы ғана сәтті тапсырған. Негізінен, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген абзал. Оқу сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті курстан өткендер алғашқы мүмкіндіктен емтихан тапсыра алмайтын кездер де болады»,- дейді полиция қызметкерлері.

Үміткерлерге қайта дайындалу үшін арасы бір апта болатын 3 мүмкіндік беріледі. Үшеуінен де сүрінген адам жарты жылға емтихан тапсыру құқығынан айырылады. Үш айда облыста 13 үміткер қайталап оқып, дайындалуға мәжбүр болған. Қазір 620 адам соңғы, үшінші мүмкіндіктерін пайдалануға дайындық үстінде.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close