Астана қаласыБасты жаңалықтарМәдениет

«Астана Опера» балет группасы Кремль Сарайында өнер көрсетеді

«Астана Опера» театрының балет труппасы Ресейдегі ең беделді театрлық-концерттік алаңдардың бірі деген мәртебеге ие Мемлекеттік Кремль Сарайында (Мәскеу) гастрольмен өнер көрсетуге шақырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

18 сәуірде Кремль Сарайында «Вацлав Нижинский. Орыс балетінің кемеңгері» атты  балет жұлдыздарының ғаламат гала-концерті аясында «Астана Опера» театрының балет труппасы хореографиялық өнердің жауһар туындысы – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсынады.

«Мәскеудегі ең беделді концерттік зал сахнасында «Шехеразада» бір бөлімді балетін орындау туралы Андрис Лиепадан шақырту келіп түсті. Бұл біз үшін жауапты әрі айтулы өнер көрсету болмақ. Себебі гала-бағдарламаның тұтастай бір бөлімі «Астана Опера» театрына берілген. Кремль Сарайы сахнасын көздің жауын алар декорациялар сәндейтін болады, біз оларды Қазақстаннан алып барамыз»,– деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаның «Қолтаңбалар және бедел» жобасы жыл сайын өтеді. Гала-концерт бағдарламасына «Қасиетті көктем», «Петрушка», «Ұйқыдағы ару», «Жизель», «Талисман» және т.б. балеттердің үзінділері енген. Дегенмен де, кештің басты оқиғасы Лев Баксттың қайта жаңғыртқан декорациялары мен костюмдері бар «Шехеразада» шығыс ертегісінің көрсетілімі болмақ.

Қазақстандық әртістермен қатар, гала-концертке «Ковент-Гарден» Корольдік театрының премьері Вадим Мунтагиров пен Дарья Климентова, сондай-ақ әлемдік балеттің ең жарық жұлдыздары: Юлия Махалина («Мариин театры»), Татьяна Мельник («Мемлекеттік Венгр опера театры»), Элеонора Севенард («Ресей Үлкен театры»), Бруклин Мак («Вашингтон балеті»), Ксандер Париш («Мариин театры»), Денис Родькин («Ресей Үлкен театры») және т.б. қатысады.

Кеш жүргізушісі әрі режиссері –  Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа. Концерт бір үзіліспен 2 бөлімде өтеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close