ҚоғамШығыс Қазақстан облысы

Семейде ықтимал төтенше жағдайлармен күреске 407 млн теңге бөлінеді

Семейлік жергілікті билік пен құтқарушылар көктемде болуы ықтимал су тасқыны мен өзге де төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындалуда. Бүгінде арнайы техника, қажетті материалдар мен жеке құрам жасақталған. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол келтірген деректерге қарағанда, биыл қалада көктем мезгілінде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және оның алдын алуға жергілікті бюджеттен 407 млн. теңге бөлінеді. Оның 70 млн. теңгесі облыстық бюджет есебінен қарастырылған.

Осы уақытта қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеп, қала көшелерін қардан тазартып жатыр. Тазалық жұмыстары әсіресе кәріз жүйесі жоқ аудандарда ерекше қарқын алған. Қалада су тасқыны болуы ықтимал 57 аудан бар. Олар бойынша біршама жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 50 аудан бұл тізімнен шығарылды.

Сондай-ақ, осы кезде арықтар қоқыстардан тазартылып, еріген қар суы сорғытылуда. Бүгінде тәулігіне 3 мың текше метр су сорғытуға мүмкіндік бар.

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары да қоға алынып, өзен жағалауындағы қауіпті жерлердің бекінісі нығайтылып жатыр. Төтенше жағдай бола қалса, қажетті техникалар да дайын.

Осы ретте қала басшысы Ермак Сәлімов биыл су тасқынынан айтарлықтай қауіптің жоқ екендігін жеткізді.

«Былтырғы жылғы жағдайға адам факторы себеп болды. Биыл ондай олқылықтарға жол берілмейді. Қазір барлық сала өкілдерімен тығыз жұмыс атқарып жатырмыз. Су құбырлары арқылы 700 текше метр су өткізіліп, өзендегі мұз ери бастады. Мұздың қалыңдығы да бақылауда. Егер аяқ асты су тасқыны бола қалса, онымен күреске дайынбыз»,-деді қала басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close