Атырау облысыҚоғам

Атырау облысында балық сататын барлық орындар бақылауға алынды

ҚР Энергетика министрлігі биыл ақпан айында Перетаска каналында табылған өлі балықтардың қайдан шыққаны туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылғы 25 ақпан күні Жайық өзеніне құятын Перетаска каналында өлі балықтар табылды, шамамен 15 келі жиналған. Ведомствоаралық комиссияның мамандары бұл фактіні растап, өлген балық мұз ерігеннен кейін су бетіне шыққанын атап өтті. Бұл жағдай өткен жылдың желтоқсанында Жайық өзенінде болған балықтардың жаппай қырылуына байланысты», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Атырау облысы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, 2019 жылғы 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында балық аулау жұмыстары жүргізілді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары, сондай-ақ «Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС ғылыми қызметкерлері ауланған тірі балықтарға зерттеу жүргізді. Мамандардың деректері бойынша, өлген немесе ауру балықтар тіркелмеген. Ауланған балықтардың жағдайы тұрақты деп белгіленген.

Бұған дейін, яғни 2018 жылдың 26 желтоқсанында Жайық өзенінің екі учаскесінде сүңгуірлер су айдынына тексеру жүргізді. Осындай жұмыс 2019 жылдың 4 ақпанында да атқарылды, онда сүңгуірлер 10 учаске бойынша өзен түбін қарап шықты, өлі балықтар табылмады.

«Қазіргі уақытта өзендегі жағдай жергілікті атқарушы органдар мен Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының күнделікті бақылауында. Балық өнімдерін сататын барлық нүктелер ветеринарлар мен полиция қызметкерлерінің бақылауында», – делінген хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жақын  Атырау облысының аумағының су айдындарында балық қырылуы оқиғасы тіркелмегенін айтқан болатын.

«Егер бұл Атырауда түсірілген видео болса, онда былтыр желтоқсанда қырылған балықтардың өлекселері немесе балықтардың табиғи өлуі. Мұз ерігенде әр су айдынынан қыста өлген балықтардың өлекселері шығып жатады. Ол уақытында ауа жібермегеннен болады. Қазіргі таңда Атырауда балық қырылып жатқан жоқ. Мамандар барлық су айдындарды бақылауда ұстауда», – деп жауап берді С. Ділдахмет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close