ҚоғамМәдениетСолтүстік Қазақстан облысы

СҚО-да әзербайжан халқы Наурыз мейрамына дайындықты бастап кетті

Петропавл қаласында әзербайжан ұлтының 600-ге жуық өкілі тұрады. Мұсылман бауырлар Наурыз мейрамына дайындықты бір ай бұрын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да әзербайжан мәдени орталығы 1995 жылы алғашқылардың бірі болып құрылды. Қазір өңірде 1800-ге жақын ұлт өкілі тұрып жатыр. Барлық түркі тілдес халықтар сияқты әзербайжандар үшін де Наурыз мейрамының алар орны ерекше.

Әзербайжан ұлттық мәдени орталығының төрағасы Шыңғыс Курбановтың айтуынша, Наурыз мейрамы алдындағы айдың әр сәрсенбісін әзербайжан халқы тіршіліктің төрт құдіретіне: су, от , жер және ауаға арнайды. Яғни, «Су Чершенбе» – суға арналған сәрсенбі, «Одлу Чершенбе» – отқа арналған сәрсенбі, «Торпаг Чершенбе» – жерге арналған сәрсенбі және «Ахыр Чершенбе» – соңғы сәрсенбі. Наным-сенім бойынша бірінші сәрсенбіде су тазарады, кейін кезекпен от және жер жаңарады. Ал соңғы сәрсенбіде ағаштар бүршік жарады. Бұл – қыстың аяқталып, Жаңа жылдың келгенін білдіреді.

«Наурыз мейрамында салт-дәстүрлерімізді еске аламыз, ұстануға тырысамыз. Солардың бірі оттан секіру. Отбасының әр мүшесі оттан секіруі керек. От сөнгесін күлін елді мекеннен шығарып тастайды. Бұл – тазарудың белгісі», – дейді Шыңғыс Курбанов.

Наурыз мейрамына дайындық барысында жасалатын тағы бір дәстүр – арнайы тағам «сэмэни» әзірлеу. Отбасында молшылық болу үшін бидайды алдын ала ыдыста өсіреді. Өскін жақсы шықса – келер жылы алынатын өнім де мол болмақ. Жалпы, әзербайжан халқы да мерекелік дастарханға аса мән береді. Жеті тағамнан тұратын Наурыз көже әзірлемесе де, міндетті түрде с әрпінен басталатын жеті тағамды үстелге қояды екен.
«С әрпінен басталатын сюд-сүт, сэмэни, сабзи-көкөніс, тағы басқаларын дастарқанға қоямыз. Бұдан басқа үстелде айна, боялған жұмыртқа және балауыз шам болуы қажет. От – жын-шайтаннан қорғайды, Жұмыртқа мен айна ескі жылдың біткенінің және жаңа жылдың алғашқы күнінің белгісі», – дейді Шыңғыс Гаджимамед оглы.

Әзірбайжандар да қазақтар сияқты қонақжай халық. Мереке күндері олардың есіктері жабылмайды. Туған-туыстарын, көрші-қолаңды аралап, мейраммен құттықтайды, тәттілерден ауыз тиеді. Жаңа жылды тойлау мерекесі тек 13-күннен кейін ғана аяқталады екен.

«Наурыз мейрамы – ең көне және салт-дәстүрге бай мерекелердің бірі. Ол – жыл басы, жаңарудың белгісі. Осы мейраммен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Ең алдымен, әрине денсаулық, отбасы амандығын, бақыт, сәттілік тілеймін. Бірлігімізден айырмасын, әлемде бейбітшілік болсын», – дейді әзірбайжан ұлтының өкілі Шыңғыс Курбанов.

Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығының мүшелері облыста, Петропавл қаласында өтетін шаралардан қалыс қалмайды. Жыл сайын дәстүрлі түрде әзірбайжан ұлттық мәдениетінің фестивалін ұйымдастырып, облыс орталығында өтетін Наурыз мерекесіне де белсене қатысады. Биыл да қала тұрғындары мен қонақтарын көктем мерекесінде ән-би, мол дастарқанмен қарсы алмақ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close