ҚоғамҚызылорда облысы

Қызылордада пәтер ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топ құрықталды

Қызылорда облысында пәтер ұрлығының 11 қылмыс дерегін жасаған 3 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында пәтер ұрлығының орын алуы алаңдатып отыр. Биылғы жылғы 1 қаңтар-26 ақпан аралығында Қызылорда облысында 155 пәтер ұрлығы тіркелген. Оның ішінде облыс орталығы – Қызылорда қаласында барлығы 103 пәтер ұрлығы орын алған.

«Пәтер ұрлығының орын алуына себепші жағдайлар бар. Көп жағдайда үй-жайлар қараусыз қалып жатады. Тұрғындар өз үйлеріне темір есік және терезеге темір тор орната бермейді. Оған қоса, аула қоршауы және бейнекамераның жоқтығы да пәтер ұрлығының көбеюіне әсерін тигізеді», – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.

Осы мақсатта пәтер ұрлығының алдын алу, болдырмау және оны ашу мақсатында 17 қаңтардан бастап полиция қызметкерлері облыс орталығында «Пәтер» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оған Қызылорда қалалық полиция басқармасының криминалды полиция және жергілікті полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары қылмыс дерегі көп орын алатын «Саяхат», «Сәулет», «Рисмаш» шағынаудандарында жұмыс жасады. Ал 16-25 ақпан күндері КБИ, «Жаппасбай батыр» шағынаудандары мен Қызылжарма ауылдық округінде «Квадрат» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

«Іс-шараға Қызылорда қалалық полиция басқармасынан 60 қызметкер жұмылдырылды. Бөлінген жеке құрам аталған әкімшілік аймақтарда ішкі істер органдарының профилактикалық және тізімдік есебінде тұрған тұлғаларды және қару иелерін тексерді. Учаскелік полиция қызметкерлері жадынамалар таратты. Тұрғындармен пікір алмасу арқылы пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында түсіндіру шаралары жүргізілді. Жедел профилактикалық іс-шаралар барысында 15 қылмыс дерегінің күдікті тұлғасы құрықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – деді Б.Байгелді.

Бүгінгі таңда облыста пәтер ұрлығы ғана емес, басқа да ұрлық қылмыстарының алдын алу, болдырмау және ашу мақсатында күшейтілген жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close