Алматы қаласыБілімҚоғам

Жас алматылық IT-мектебін ашты

Алматылық бағдарламашы Елнұр Сейітжанов еңбек нарығына жас мамандарды даярлайтын «Decode» алғашқы IT-мектебін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елнұр Сейітжанов – ақпараттық жүйелер магистрі. Бүгінде Австралияның «Aspose» компаниясында қашықтықтан жұмыс істейді, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Web-technology бойынша сабақ береді.

«Ақпараттық технологиялар дамыған сайын мамандар тапшылығы сезіле бастады. Осылайша, «Decode» бағдарламалау мектебін ашу идеясы келді», – дейді жас IT-маманы.

Оның айтуынша, аталған мектептің 300-ден астам түлегі Қазақстанда және шетелде ИТ-компанияларда жұмыс істейді.

 «Біздің оқушылар спорттық бағдарламалау бойынша олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, біздің бір түлегіміз Infomatrix-Asia халықаралық IT-конкурсында бірінші орын алып, СДУ-да оқу грантын жеңіп алды», – деп атап өтті Елнұр.

Бағдарламалау мектебінің филиалы Астанада да ашылған.

«Биыл Жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай біз неғұрлым көп бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярлауды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын онлайн-курстар ашу көзделуде», – деді Е. Сейітжанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы бағдарламалаудың ИТ-орталықтары Алматы мен Астанада, алайда еліміздің өзге де өңірлерінде талантты адамдар жетерлік.

«Білім беру сапасы әлемдік стандартқа сәйкес болуы үшін мен шетелдік ИТ-компанияларда жұмыс істеп, семинарларда оқытушылармен тәжірибеммен бөлісемін. Олар өз кезегінде біздің студенттерге үйретеді. Халық «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңнен баста» деп бекер айтпаған», – деп түйді ойын Елнұр Сейітжанов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close