ҚоғамМаңғыстау облысы

Маңғыстауда самбодан ел чемпионаты мәресіне жетті

Ақтауда Самбо күресінен 2001-2002 жылы туған жасөспірім ұл-қыздар арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінде үш қала мен он төрт облыстан барлығы 500-ге тарта балуан өнер көрсетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасы «спорт шеберіне үміткер» атағы берілді.

Маңғыстау – елдегі самбо спорты қарқынды дамыған өңірдің бірі. Өткен жылы Рамазан Мамаев жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ал соңғы 3 жылда маңғыстаулық балуандар ел чемпионатында командалық есепте алдыңғы орыннан көрінді. Осы жетістіктер біріншілікті Ақтауда өткізуге сеп болған.

«Арнайы сарапшылар спортшылардың қандай деңгейде екенін анықтады. Жоспарымыз – Маңғыстау құрамасын алдағы уақытта 3 рет Қазақстан чемпионы атандыру», – дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.

Биылғы чемпионатқа рекордтық көлемде 500-ге тарта ұл мен қыз келген. Олар 20 салмақта өзара мықтыны анықтады. Жарыстың алғашқы күні 48, 52, 56, 60 , 65 келіде чемпиондар анықталды. 48 келіде сынға түскен маңғыстаулық Нұрсұлтан Жұбатхан чемпион атанды. Чемпион іріктеу кезеңінде әлем чемпионатының жүлдегері қызылордалық балуаннан басым түсті. Ал финалда ақтөбелік қарсыласына айла қалдырмады.

«Финалдық кездесу қиын өтті. Ақтөбелік балуан осал емес екен. Бірақ мен одан да басым болып, жеңіске жеттім. Өзімнің тактикамды қолдандым. Ол оңқай күреседі екен. Мен оның оңқайын басып алдым. Ол содан кейін күресе алмай, мен жеңіске жеттім»,-дейді чемпион.

Екі күнге жалғасқан жарыс қорытындысында 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен маңғыстаулық самбошылар көш бастады. Жарысты Алматы облысы екінші , Атырау облысы үшінші болып аяқтады. Жарыс қорытындысында жеңімпаз атанған балуандар қазан айында Ташкентте өтетін әлем, Тайпейде өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close