ДенсаулықҚарағанды облысыҚоғамТехнология

Ағадырдағы ауруханаға жаңа жабдықтар мен реанимобиль сыйға тартылды

Ағадыр кентіндегі ауруханада жаңа қазіргі заманғы медициналық жабдықтар мен реанимобиль пайда болды. Енді кент тұрғындарына сараптамадан өту үшін аудан орталығына немесе қалаға барудың қажеті жоқ.

55 миллион теңге көлеміндегі қаражатты ауруханаға Болат Өтемұратовтың қоры және «Астана Групп» компаниясы ұсынды. Бұл қаржыға арнайы көлік, кан талдамасын жасайтын автоматты биохимиялық анализатор, фетальді монитор, нәрестелерге арналған фототерапия аппараты және хирургиялық жабдық сатып алынды.

Енді кент ауруханасында мамандар 12 түрлі қан талдауын жасай алады. Олардың нәтижелерін емделушілер келесі күнінде ала алады. Ал фетальді монитор анасының жатырында жатқан нәрестенің жүрек қағысын тыңдауға мүмкіндік береді. Жаңа туған сәбилерге арналған фототерапия гипербилирубинемияны емдеудегі консерваторлық әдіс ретінде қолданылады.

– Жаңа жабдықтардың арқасында біз енді 11 түрлі оталарды жасай аламыз. Заманауи техника бізге және емделушілерге үлкен көмегін тигізеді, – дейді Ағадыр кенті ауруханасының бас дәрігері Есенжол Жазыбаев.

Алайда дәрігерлер мен жергілікті тұрғындарды қатты қуантқан аурухананың басты сыйлығы – реанимобиль. Енді медиктер қажетті шұғыл көмекті тек Ағадыр кентінің ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы Жұмыскер, Қайрақты, Көктінкөл және Өспен ауылдарының тұрғындарына да көрсете алады.
«Астана Групп» компаниясының директоры Нұрлан Смағұлов – Ағадыр кентінің тумасы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ол туған кентіне осындай сыйлық жасауды ұйғарған. Шет ауданының әкімдігі және Денсаулық сақтау басқармасы оған алғыстарын білдіріп, алғыс хат табыс еткен.

– Бізге, зейнеткерлерге анализ тапсыру үшін қалаға бару қиын болатын. Енді біз қиналмастан осы жерде, алысқа жол жүрмей-ақ барлығын тапсыра аламыз. Өзінің туған жерін ұмытпайтын Нұрлан секілді жомарт жандарға алғысымыз шексіз, – деді Ағадыр кентінің тұрғыны Сағындық Қанатбаев.
Ағадыр кентінің ауруханасы 35 орынға шақталған. Емделушілерге үш бөлімде көмек көрсетіледі: жалпы медициналық, хирургиялық және перинаталдық. Ауруханада 150 дәрігер қызмет етеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close