Ақтөбе облысыСаясат

Алик Шпекбаев: Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің үштігіне кіреді

Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің үштігіне кіреді. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өңірге жұмыс сапарымен келген кезінде мәлімдеді.

21 желтоқсан, жұма күні Алик Шпекбаевтың қатысуымен облыс активінің отырысы өтті.

Шараны ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес айтарлықтай жандандырылғанын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою – Президенттің негізгі тапсырмаларының бірі. Елбасы осы жағымсыз құбылысқа «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында да назар аударды.Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тұрғындар үшін электронды қызметтердің ауқымын кеңейтуге және қолжетімділігін арттыруға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Алик Шпекбаев Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің үштігіне кіретінін атап өтті.

А. Шпекбаев: «Электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту тұрмыстық сыбайлыс жемқорлықты тамырымен жоюға айтарлықтай әсер етеді. Былтыр Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметтердің небәрі 22%-ы электронды форматта көрсетілсе, бүгінде жергілікті атқарушы органдар бұл көрсеткішті 82%-ға дейін, яғни небәрі бір жылдың ішінде төрт есеге көтерді. Жақында Ақтөбедегі «Халықтық кеңседе» болдым. Барлық қызметті бір жерге жинаған, азаматтар ешқайда шықпай-ақ, барлық қыжетті бір орында ала алады. Сіздің облыстағы электронды мемлекеттік қызметтерді дамытуға жауапты адамдар құрмет пен мақтауға лайық»,- деп атап өтті.

Жалпы, Агенттік төрағасының айтуынша, электрондық үкіметті дамыту рейтингінде БҰҰ деңгейі жоғары қырық елдің қатарына енген. Рейтингке барлығы 193 мемлекет кірді.

Ол сондай-ақ, Ақтөбедегі бірнеше әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралағаннан алған әсерімен бөлісті.

«Соңғы үш жылдың ішінде Ақтөбеде Талдықорғандай шағын облыс  орталығы салынды деуге болады. Осының өзі көп нәрсені айтады. Кейбіреулер байқамауы да мүмкін, бірақ мен салынған әлеуметтік нысандарды көріп санынан жаңылдым… »,-деді Алик Шпекбаев.

Облыс активінің кездесуі Бердібек Сапарбаев пен Алик Шпекбаевтың  «Астана – адалдық алаңы» жобасының баламасы – «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жарғысына қол қоюымен аяқталды.

Жобалық кеңсе облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінен құралған. Басты мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты қысқарту, сыбайлас жемқорлық қатерін азайту, мемлекеттік қызмет сапасы мен халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру.

Айта кетейік, кеңсе мамандары бірінші басшылардың дербес жауапкершіліктерін күшейтетін құжат әзірлеген. Оған қала мен аудандардың әкімдері, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары сынды 259 мемлекеттік қызметкер қол қойған.

Жобалық кеңсенің тағы бір жетістігі – «бір терезе» қағидасымен миграциялық қызметтер көрсету болып табылады. Бұл белгілі бір қызметтерді көрсету мерзімін бес жұмыс күнінен екі сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close