Басты жаңалықтарСаясат

Назарбаев: Путинмен достығымыз ерекше

Қазақстан президентінің ресейлік тілшіге берген сұхбатының үзіндісі «Россия 1» арнасындағы «Вести недели» бағдарламасында көрсетілді. Мемлекет басшысы біздің еліміз бен күллі Азия елдерінің болашағын қалай көретінін, Ресей басшысы Владимир Путинмен достық қарым-қатынасы туралы ойымен бөлісті.

Сұхбат барысында журналист Андрей Кондрашов Президенттен Қазақстан мен өңірдің, тіпті жалпы әлемнің келешегін қалай елестететіні туралы пікірін сұрады.

«Келешек туралы айту жөн деп есептемеймін. Біз Пайғамбар емеспіз. Осы пайыммен ой өрбітер болсақ, болашақтың қалай болатынын тек бір жаратушы білері анық. Біз келешекте Қазақстанды қалай елестетеміз? Қазақстанды Орталық Азиядағы елдерден, шекарамыз ұзақ шақырыммен шектесіп жатқан Ресейден, 2 мың шақырымдық шекарамыз шектескен Қытай Халық Республикасынан бөлек жырып елестетуге келмейді. Бәрі де жағдайлардың жай-күйіне тәуелді. Айтады ғой: егер сен жеріңе егін ексең, көршіңнің бауы арамшөпке толып тұрса, сенің де бақшаңды арам шөп басады. Сол себепті, сауда жүргізіп отырған елдің де дамуын тілеу өте маңызды. Біз келешекке оптимизммен қараймыз. Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін тиісті жұмысты атқара аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасына «Путинмен қарым-қатынасыңыз тек саяси тұрғыда ма, екеуіңіздің достықтарыңызды жеке деп атауға бола ма?», – деген сұрақ қойылды.

«Бұл жерде ерекше жағдай деп айтуға болады. Владимир Владимирович Путин 2000-шы жылы саясатқа келген күннен бастап онымен байланыс орнаттым. Содан бері біз өте маңызды сұрақтар мен мәселелерді бірге шешіп келеміз. 7 мың 500 шақырым ортақ шекараны бекіттік. Ол оңайға соққан жоқ.

Мысалы, Байқоңыр мәселесі де Владимир Владимировичтің сенімінің арқасында оң шешімін тауып, әлі күнге жалғасын тауып келеді. Сонымен бірге, осы уақытқа дейінгі интеграциялық сұрақтарға да бірлесе отырып жауап іздеп келеміз.Сөзсіз. Ресей орталық орынға жайғасқан. Адами ресурстар мен экономика бойынша да алда келеді. Сол себепті де жақсы қарым-қатынасымыз бізге көмектесуде.

Мен бұған дейін айтқанмын, Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық байланыс өзгелерге үлгі болу керек.Егер әлемдегі барлық елдер дәл осылай араласса, қазіргі таңда бастан кешіріп отырған түрлі қиындықтарға тап болмас едік», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close