Басты жаңалықтарЭкономика

Қазақстан алма экспорты бойынша әлемде 76-орында

Қазақстан алма экспорты бойынша әлемде 76-орында тұр. Бұл туралы World’s Top Exports мәліметтеріне сілтеме жасап «Хабар 24» телеарнасы хабарлауда.

Атап өтілгендей, жыл сайын әлемдік нарыққа жеткізілетін алма көлемі орташа есеппен 1,6% артып келеді.

World’s Top Exports дерегі бойынша, 2017 жылы экспорттың 40% Еуропа елдеріне тиесілі болған, 25% – азиялық экспортшылар, 13% астамын – Солтүстік Америка, 10% Латын Америкасы жеткізген. Экспорт бойынша Қытай көш бастап тұр. Аспан асты елі былтыр 1,5 млрд долларға алма сатқан. АҚШ пен Италия 900 млн доллар пайда түсірген. Алғашқы бестікті Франция мен Чили тұйықтап отыр.

Ал ТМД елдері арасында ең үздік көрсеткіш Әзербайжанға тиесілі. Бұл мемлекет әлемдік нарыққа 29 миллион доллардың өнімін жеткізген. Бұл тізімде Беларусь, Украина, Ресей және Өзбекстан алдыңғы орындарды иеленсе, Қырғызстан алма саудасы бойынша 52-орында тұр. Еліміз бұл тізімде 76-орынға жайғасқан. Қазақстандық алмалар әлемдік экспорттың мыңнан бір үлесін ғана қамтып отыр.

Алма өсірумен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 200 кәсіпорын айналысуда. Алайда, өнеркәсіптік көлемдерге шыққан ірі компаниялар саны 10-нан аспай отыр. Саладағы түйіткілдер – өндірістің төмен техникалық жарақтандырылуы, қайта өңдеу секторының дамытылмауы және өнімді сақтау қуаттарының тапшылығы. Жергілікті нарықта отандық өндірушілер импортқа қарсы тек күзде және қыста қарсы тұра алады. Ал одан әрі тауарды сақтайтын жерлері жоқ. Қазақстандық алмалардың шағын көлемі Ресей мен Қытайға жіберіледі. Өнімге деген сұраныс бар. Дегенмен, әзірге отандық өндірушілер ішкі нарықтың 50% ғана қамтамасыз етіп отыр. Шетелден жыл сайын 150 мың тонна алма жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл салада жоғары білікті кадрлар да тапшы.

Бұған қатысты кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері өз пікірлерін білдіруде.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда өсімдік шаруашылығы бойынша магистрлар жоқ. Біздің кадрлар  алма өндірісі мен экспорты бойынша әлемдік көшбасшылар саналатын АҚШ, Италия, Германия және Жапониядан қалып отыр. Мемлекет қабілетті студенттерді осы елдерге магистратураға оқуға жіберуі керек. Ал бизнес түлектердің жұмысқа қабылдайтынына және лайықты жалақы берілетініне кепілдік беруі тиіс», – дейді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.

Айта кетейік, Елбасы таяуда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналатынын айтып өткен болатын.

«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды», – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close