Жамбыл облысыЭкономика

Тараз қаласы кәсіпкерлеріне заманауи дүңгіршектердің үлгісі – «100 орын – көше саудасы» жобасы таныстырылды

Бүгінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының бастамасымен Тараз қаласының әкімдігі мен «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп, қала көшелерінде сауда орындарын ұлғайту бағдарламасын әзірлеу үстінде.

Бағдарлама әзірше толық бекітілген жоқ. Себебі, жергілікті билік пилоттық жобаны жүзеге асырарда бизнестің ойымен санасатынын ескерткен болатын. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігінде бағдарламаға жауапты мекемелер мен қызығушылық танытқан кәсіпкерлер кездесті. Жиында Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сөз алып, кәсіпкерлердің басын қосудағы негізгі мәселеге тоқталды. Шаһар басшысы осыған дейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қаланың кескін-келбетін көркейту, жабайы сауда, жайма базарды түп-тамырымен жою, сондай-ақ, тиісті құжаттары жоқ, антисанитарлы нысандарды ретте келтіруге қатысты тапсырмасын орындау үшін қала көшелеріне бірнеше рет рейд жүргізілгенін айтты.

«Нәтижесінде 100-ге жуық заңсыз тұрған, құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен сауда дүңгіршектері көшелерден алынып тасталды. Әрине, сауда-саттық арқылы табыс тауып, отбасын асырап жүргендер жетерлік. Пайда болатын біркелкі дүңгіршектер бірден екі мәселені шешуге көмектеседі: шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және көше саудасын қазіргі заманғы сипатта дамытуға септігін тигізеді. Өңір экономикасының бюджетіне түсім артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады»,- дейді Ғалымжан Әбдірайымов.

Әртүрлі саладағы кәсіп иелерінің қолын ұзартып, көлеңкелі бизнестен шығуға сеп болатын жобаға бизнес тарапынан қызығушылық мол. Бүгінгі таңда, сауда нысандарын орналастыру үшін қала әкімдігімен 50 жер телімі анықталып алынды. Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрзат Тұрысбеков әзірленген сауда орындарының үш нұсқасын ұсынды. Ол дүңгіршектердің ұзындығы, биіктігі және көлеміне қарай көкөніс, жеміс-жидек, гүл, фаст-фуд және т.б. сауда түрлері қамтылатынын айтты. Қаланың сәулеттік келбетіне, санитарлық және өрт сөндіру талаптарына сай болуы – маңызды талаптардың бірі. Coнымен қатар, «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ маманы Серік Бегалиев кәсіпкерлерге сауда орнын алу жолдарын түсіндіріп өтті.

Белгілі болғандай, жобаға кез келген шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Тек салықтық және өзге де міндетті төлемдерге қарызы болмауы тиіс. Кәсіпкерлер жиын барысында өз сауалдары мен ұсыныстарын білдірді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға сауда орындарын аларда берілетін жеңілдіктер қарастырылса, тура сондай мүмкіндіктер бастауыш кәсіпкерлер мен Start-Up жобаларға да қолжетімді болса деген ұсыныс-пікірлер айтылды. Өз кезегінде, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек әзірленіп жатқан «100 орын – көше саудасы» бағдарламасының регламентін бекітерде кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

https://www.inform.kz/kz/taraz-saudagerleri-zhana-ulgidegi-zamanaui-dungirshekterge-koshedi_a3321074

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close