Алматы облысыСпорт

Дуатлоннан «Алакөл – 2018» турнирі өтті

Бүгін Алакөл ауданы Ақши ауылында дуатлоннан «Алакөл – 2018» республикалық спорттық турнирі өтті. Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және «ZHERSU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов арнайы барды. Сонымен қатар Олимпиада жеңімпаздары Нұрбақыт Теңізбаев, Фархат Харки, Карина Горичева, Денис Ұланов да қатысты.

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов осыдан екі ай бұрын Алакөлге жұмыс сапарымен Елбасы келіп, мұндағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға оң баға бергенін еске салып өтті. Әуежай, темір жол вокзалы салынғанын, мұндай жұмыстар үздіксіз жалғасатынын тілге тиек етті.

– Алакөлдің шипалы суын, оның жағалауындағы қолайлы жағдайды көпшілікке таныстырып, насихаттай жүруіміз керек. Бүгінгі дуатлоннан өтіп отырған туринирдің көл жағалауында ұйымдастырылуының өзі бекер емес. Алдағы уақытта мұнда халықаралық жарыстар өткізуге де болады, – дей келе А. Баталов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шараның Астананың 20 жылдығы аясында өтіп отырғанын айтты. Сонымен қатар Елбасының тапсырмасына орай өңірде туризмді, соның ішінде Алакөл жағасын дамытуға қолдау білдіріп жатқан ел азаматтарына ризашылығын білдірді.

Жарысты ұйымдастырушы Дене шынықтыру және спорт комитеті мен Алматы облысының әкімдігі турнирге дуатлонды бұқаралық спорт түрі болғандықтан таңдап алған. Оған кез келген ниет білдіруші азамат қатыса алады. Яғни кәсіби спортшылармен қатар әуесқой спортсүйер қауым да қатысуға мүмкіндік алды. Биыл екінші рет өткізіліп отырған шарада 100-ден астам спортшы бақ сынасты. Олардың қатарында Алматы облысымен қатар, Алматы, Астана қалаларының, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстардың өкілдері бар.

Турнирдің бірінші кезеңіндегі веложарыста спортшылар 20 шақырымға жүріп өтсе, дуатлонда велосипедпен 10 шақырымды бағындырып, спортшылар ары қарай жарыс жолын жүгірумен жалғастырды.

Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар тапсырылды.

Сондай-ақ осы күні белгілі велошабандоз Александр Винокуровтың велосипеді мен Олимпиада жеңімпаздарының футболкалары лоторея билеті арқылы ұтысқа салынды.

Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:

«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты http://www.zhetysu.gov.kz»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close